Тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газын таңбалау пилоты аяқталды

Қазақстанда сәйкестендіру құралдарын пайдалана отырып, тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газын таңбалау және оның қадағалануы бойынша пилоттық жоба аяқталды. Жобаны Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Тауарларды таңбалау және қадағалау бірыңғай операторымен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығына сәйкес жүзеге асырды.

Пилот аясында сұйытылған газды таңбалау және тұрмыстық баллондарды цифрлық есепке алу тетіктері, ақпараттық жүйе мен мобильді қосымшаның функционалы, сондай-ақ сәйкестендіру құралдарын жапсыру тәсілдері сынақтан өтті. Жобаға қатысушылар – газ толтыру станциялары мен пункттері – таңбалау процестерін баллондарды толтырудың қолданыстағы өндірістік үдерістері шеңберінде байқап көрді.

Пилоттық жобаны іске асыру газ баллондары мен өткізілетін газ көлемін цифрлық есепке алу мен қадағалауды енгізуге, ақаулы және мерзімі өткен ыдысты айналымнан шығару арқылы халықтың қауіпсіздігін арттыруға, заңсыз толтыруға тосқауыл қоюға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газы нарығының ашықтығын арттыруға бағытталды.
Тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газын таңбалауды енгізу кезеңдері

2025 жылғы

1 шілде

Пилоттық жобаның басталуы

2025 жылғы

31 желтоқсан

Пилоттық жобаның аяқталуы

2027 жыл

Тұрмыстық баллондарда өткізілетін сұйытылған мұнай газын міндетті таңбалаудың енгізілуі